Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы 20 қарашада жоспарланған еліміздегі маңызды саяси науқан – кезектен тыс президент сайлауын байқау бойынша миссиясын бастады.
Ел билігінің арнайы шақыртуымен келген халықаралық ұйымның мүшелері сайлау күні ғана емес, науқанға дейін де, кейін де жұмыстарын жалғастырып, нақты бағасын бермек. Бюро басшысы Уршула Гацек аталған ұйым бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердегі 400-ден астам саяси науқанға қатысқанын атап өтті.
Құрамда 11 халықаралық сарапшы, 30 ұзақ мерзімді байқаушы бар. Сондай-ақ сайлауға бірнеше күн қалғанда қатарға қосылатын 300 қысқа мерзімді байқаушы тіркеледі. Басты мақсат – сайлаудың ЕҚЫҰ міндеттемелеріне және демократиялық сайлау өткізу жөніндегі басқа да халықаралық міндеттемелер мен стандарттарға, сондай-ақ Қазақстан заңдарына сәйкес өтуін бақылау. Қала берді, әр кандидаттың құқығының қорғалуын назарда ұстаймыз. Сайлаудан кейін де тиісті жұмысты жалғастырамыз. Себебі, саяси науқаннан кейін наразылық туындауы мүмкін. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердегі сайлаумен салыстыруға құқығымыз жоқ. Кейде бізді үгіт-насихат бағытындағы ұйым ретінде танып, ақыл-кеңес береді деп топшылайтындар бар. Біз тек сайлау барысын, науқанға дейінгі және кейінгі оқиғаларды бақылайтынымызды айтқым келеді
– дейді Уршула Гацек.
Байқаушылардың басым бөлігі бұған дейін елімізде өткен президенттік сайлауларға қатысқан, яғни тәжірибесі мол мамандар. Олар үгіт-насихаттың, оның ішінде әлеуметтік желілерде жүргізілуін, барлық деңгейдегі сайлау әкімшілігінің жұмысын бақыламақ.
Сайлауға қатысты заңнама және оның орындалуын, негізгі бостандықтарды құрметтеу, сайлау дауларын шешу сияқты сайлаудың барлық аспектілерін мұқият қадағалайды. Сондай-ақ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы бұрынғы сайлауларда айтқан ұсынымдардың орындалуын бағаламақ.
Мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың, азаматтық қоғамның, бұқаралық ақпарат құралдарының және халықаралық қауымдастықтың өкілдерімен кездесулер бақылаудың құрамдас бөлігі. Аталған ұйым халықты және бұқаралық ақпарат құралдарын сайлауды бақылау миссиясының қызметі туралы хабардар ету үшін сайлауға шамамен екі апта қалғанда аралық есеп беруді көздеп отыр.
Горячая линия WhatsApp — делись новостями с редакцией! +7 775 244 99 15