Қазақстандағы сайлау учаскелеріндегі рәсімдер ел заңнамасына және сайлау өткізудің халықаралық стандарттарына толығымен сәйкес келді. Бұл туралы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобының үйлестіруші Дилрабо Мансури айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін тура сағат 7-де сайлау учаскелерінің ашылғанын көрдік. Таңертеңнен учаскелерде тіпті кезек болғанын, сайлаушылар белсенділік танытып жатқанын, мерекелік көңіл-күйді байқадық. Сағат 7-де сайлау учаскесі ашылған кезде Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды және одан әрі барлық рәсімдер Қазақстанның заңнамасына және сайлау өткізудің халықаралық стандарттарына толығымен сәйкес келді
— деді Дилрабо Мансури елордадағы Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығындағы брифингіде.
Оның айтуынша, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылары барған сайлау учаскелері жақсы дайындалған. Барлық талаптар сақталған, дауыс беруге, соның ішінде мүгедектерге де жағдай жасалған.
Өз кезегінде ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі хатшылығының басшысы – Бас хатшысы Дмитрий Кобицкий сайлау комиссиясы мүшелерінің дайындығына жоғары баға берді.
Ұлттық бақылаушылар да өздерінің міндетін лайықты деңгейде атқарып жатыр. Атап айтқанда, қазіргі уақытта біз заң бұзушылықтарды көрген жоқпыз
— деді Д. Кобицкий.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша республиканың 2 792 962 азаматы бюллетень алды. Ол тізімге енгізілен азаматтардың 23,37 пайызын құрайды.