ҚР президенттігіне үміткер Астана қоғамдық кеңесінің мүшесі, мәслихат депутаты Қарақат Әбден Орталық сайлау комиссиясының қарауына кандидат ретінде құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарақат Әбден Орталық сайлау комиссиясының құжаттарды қабылдау жөніндегі комиссиясына мынадай құжаттарды тапсырды:
1. «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамаларынан үзінді көшірменің түпнұсқасы;
2. Үміткердің Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы, өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5. Жоғары білімі туралы дипломдардың көшірмелері;
6. Мемлекеттік және сайланбалы лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы құжаттар;
7. Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың өмірбаяндық деректері.
Құжаттарды қабылдау комиссиясының мүшелері әр құжатты жеке-жеке қарап шығып, олар бойынша ешқандай сауалдары жоқ екенін жеткізді.
Үміткер Қарақат Әбденге ұсынған құжаттардың қабылданғаны туралы акт берілді.
7 қазанда «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі кезектен тыс президент сайлауына Қарақат Жақсылыққызы Әбденнің кандидатурасын ұсынған болатын. Қ. Әбден – танымал қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясының мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі, мәслихат депутаты. Төрт бала тәрбиелеп отыр.
Еске салайық, бүгін ОСК халық коалициясы ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР президенттігіне кандидатурасын барлық талаптарға сай деп шешті.
Сондай-ақ «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық бірлестігі ұсынған Мейрам Қажыкеннің кандидатурасы талаптарға сай деген қорытынды жасалды.