29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Четверг, 10 октября

Бақыт Смағұл

журналист

Көкшетауда мәуліт мерекесі тойланып өтті

Featured Video Play Icon

Алланың елшісі, соңғы пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның дүниеге келген айы – Мәуліт мерекесі қазақ қоғамы үшін айшықты оқиғалардың біріне айналды. Тәуелсіздік алғалы бұл мереке аса ыждаһатты жағдайда тойланып келеді. Жылдағы дәстүрмен Көкшетау елі өз пайғамбарына салауат айтып, ізгі тілек тіленген рухани кештің куәсі болды.

Осы күні «Көкшетау» мәдениет сарайында көрерменнің көптігінен ине шаншар орын болмай, Алланың елшісіне деген сағыныштары сонша, тік тұрып қошемет білдіріп жатты. Сахна шымылдығы Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің фольклорлық ансамблінің композициялық ұлттық нақышта орындалған туындымен ашылды.

Кеш жүргізушісі ақын Жайнарбек Зандыбай алғашқы сөзін Аллаға мадақпен бастап, Мүфтияттың ресми өкілі Жұманазар қажыға құттықтау сөз берді. Мәуліт кешіне елордадан, көрші облыстардан арнайы ат сабылтып келген діни тұлғалар өздерінің ізгі тілектерін жолдап, арнайы бағдарлама аясында осы жылы Көкшетау халқының жадына өздерінің ізгі де, мейірімге толы сипаттарымен қалған жаны жомарт адамдарға сый-сияпаттар жасады.

Сахна төріне өңірімізге есімі етене таныс, кешегі кеңес заманында және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел басқарған Болат Көшімбаев шақырылды. Ол жақында өзінің тұрғын үйі, үш қабатты зәулім коттеджін мешіт иелігіне беріп, «Тілеулес қажы» атындағы Құран жаттау орталығын ашуға дәнекер болған еді. Осылай көпшіліктің алдында оның иығына шапан жауып, естелік сыйлықпен марапаттады.

Қоғам қайраткері, жазушы, «Ақмола-Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев сөз алып, имани тақырыпта терең ой қозғады. Өткен замандағы дінге жасалған қысастықтың ауылы артта қалып, еркін намаз оқып, ораза ұстап, қажылыққа баруға айқара жол ашылғаны азаттықтың бір тағылымды сәулесі екенін тілге тиек етті.

Кеште сөз сөйлеу құрметіне ие болған тұлғалар «Бейбіт күннің батыры», «Мейірімді жүрек», «Үлгілі отбасы» және тағы басқа аталымдар бойынша елдің ілтипатына бөленген жандарды марапаттады.

Солардың қатарында жергілікті кәсіпкер Борис Козлов та бар еді. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қазақтың соңғы хандарының бірі, Көкше жерінде мәңгілік тағат тапқан Уәли ханның кесенесін көркейтіп, киелі орынға айналдыруға жанашырлық танытты. Бұл мақсатқа қыруар қаражатын да жұмсады. Ұлты басқа болса да, тілегі бір, ниеті ортақ осы бір кәсіпкер жігіттің бұл қайырымды ісіне тәнті болмауың мүмкін емес.

Ал, тілсіз жау – өрттің жалынына оранған үйден кішкентай ғана Ұлдана деген қыз өзінен жастары төмен бауырларын аман алып шыққаны ерлік демеске лажың жоқ. Бірақ, әкелерінен бірер жыл бұрын айрылған балаларды аналары күні –түні жұмыс істеп асыраумен келеді.Бір өкініштісі, олар осы күнге дейін әркімнің есігіне телмірумен келе жатқан-ды.

Міне, Пайғамбардың туған айында олар зор қуанышқа кенелді. Науан хазірет мешіті мен жергілікті «Зекет» қорының өкілдігі бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «Ел үлесі – пәтерге!» акциясы аясында бұл отбасыға Краснояр кентінен екі бөлмелі жаңа пәтер берілді. ҚМДБ-ның бөлім меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан және Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит құттықтау сөздерінен кейін пәтер кілтін табыс етті.

Шиеттей балаларын жетектеген жесір ана да, осы қуанышқа кенелгендерін естіген жетімдер де, бұл көңіл толқытар жаңалыққа куә болған көрермен де жанарларына жас алды. Шара соңында бұл отбасыға пәтер салтанатты жағдайда табыс етілді. Осы оқиғалардың куәсі болған кәсіпкер Борис Козлов ешкімге көрсетпестен 500 мың теңге табыс етсе, ал, Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы отбасының есеп шотына 200 мың теңге қаржы аударатынын айтты.

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев мешіттің ,,Ел үлесі — пәтерге!,, бастамасын көпшілік болып қолдауға шақырды. Мешіт діни рәсімдерді ғана емес, ізгілікке де ерекше көңіл бөледі. Жыл басынан үшінші пәтерді үйдің тауқыметін тартып жүрген отбасылар алып отыр.

Біз осы кештің ерекше толғаныс тудырған оқиғасы аясында еңселі сарайдағы рухани шараның одан әрі қалай өрбігенін де көз қиығымыздан шығарып алдық. Бірақ, көрермен қазаққа танымал айтыс ақындары Айбек Қалиев пен Дидар Қамиевтің жыр шашуын жылы қабылдады. Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбардың тағылымды ғұмырын сыр ғып шертті. Бүгінгі күннің тіршілік түйткілдерін де жырға қосты.

Біржан сал атындағы музыкалық колледждің ұстазы Төлеген Аман Майлықожаның термесін орындады. Ұлағат жайлы ой қозғайтын бұл терме адамға өмірді босқа өткізбеуді нұсқайды.

Бір сәт елімізге танымал «Жігіттер» тобының әншісі Айдар Тұрғамбек имани әнін орындап, көптің қошеметіне бөленді. Жұрт алдында шығыс және қазақ ақындарының жырын әуезді үнмен орындаған Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің студенттері де өнер көрсетті.

Кешті көрігін қыздырған бір көрініс – Шахмет Құсайынов атындағы Көкшетау қазақ драма театрының иман тақырыбына арналған қойылымы болды. Бір адамның басындағы тағдыры өлім құшағында жатқанда тәубесіне келіп, өзінің адасқанын есін жиғанда ғана сезінген кәсіпкер жігіт жайлы бұл қойылым ғибратқа толы еді. Шынында, біз бұл өмірде көп адасамыз. Адаспаудың жолы – иман екенін ұғындырып тұрғандай әсер қалдырады.

Әнші Аслан Мұхамедияров орындаған «Дұға-тілек» әні кеш шымылдығын жапты.

Әркім ұлық пайғамбарымызға деген сағыныштарынан арыла алмай, үйлеріне қайтып бара жатты. Өнегеге толы Алла елшісінің өмірі тағылымға толы екенін білмей жүргендер де бар-ау деген ой келді.