Көппартиялық жүйе елдің саяси өміріне енуі тиіс. Мұндай пікірді Литва Республикасының Сеймі төрағасының орынбасары Юлиус Сабатаускас білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Біз Қазақстандағы референдумнан кейін демократиялық реформалар іске асырылып, адамдарда өз өкілдерін Парламентке тікелей сайлау мүмкіндігі туғанына қуаныштымыз. Қазір үміткерлер тек партиялық тізім бойынша ғана емес, сонымен қатар бір мандатты округтер бойынша да сайланады. Талапқа сай келетіндердің бәрі өз кандидатураларын ұсына алады. Біз барған округтерде үміткерлердің көп болғаны қуантады. Енді адамдар партияға емес, тікелей сайлаушыға тәуелді болады
— деп атап өтті Юлиус Сабатаускас.
Сонымен бірге ол бюллетеньдегі «барлығына қарсымын» жолағына қатысты пікір білдірді.
Егер сайлаушылар өз дауысын беруге лайықты кандидатты немесе партияны таппаса, бюллетеньдерді бүлдірудің қажеті жоқ. Себебі, «барлығына қарсымын» бағаны бар. Нәтижелерге келетін болсақ, қорытынды екінші күні бірден шықпайды. Нәтиже қанша және қандай партиялардың сайланатынына байланысты болады. Соңғы өзгеріске сай, партиялық тізімдер негізінде — 70%, бір мандатты округтер бойынша 30% орын қарастырылған. Көппартиялық жүйе елдің саяси өміріне түпкілікті енуі тиіс. Сонда нақты бәсекелестік болады. Бірақ Парламенттің әрбір шешімі адамдардың пікіріне негізделуі керек екенін атап өткен жөн
— деп сөзін түйіндеді байқаушы.
Еске салайық, бүгін Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өтіп жатыр. 18:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 53,11 пайызы дауыс беріп үлгерді.