29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан

Бейнежазбаға да сене беруге болмайды: Көкшетауда интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері талқыланды

Көкшетаудағы «Bolashaq Saraiy» оқушылар сарайында «Қауіпсіз өңір: Заң және тәртіп» форумы өтіп, онда интернет-алаяқтықпен күрес және цифрлық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Іс-шараны Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды.

Форум барысында жасанды интеллект көмегімен жасалатын дипфейк технологияларының қарқынды таралуына ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, 2023 жылы интернет кеңістігінде шамамен 500 мың дипфейк материал болса, бүгінде олардың саны 8 миллионға жеткен.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі технологиялар арқылы жасалған бейне және аудиожазбалар шынайы контенттен ажыратуға келмейтін деңгейге жеткен. Мұндай мүмкіндіктерді алаяқтар өз мақсаттарына белсенді пайдаланып келеді.

Форумда келтірілген мәліметтерге сәйкес, өткен жылы Қазақстанда интернет-алаяқтыққа қатысты 20 мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Азаматтарға келтірілген жалпы шығын көлемі 16 миллиард теңгеден асқан.

Мамандардың айтуынша, ең көп таралған алаяқтық тәсілдерінің бірі – әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашу. Қаскөйлер тартымды ер немесе әйел адамның атынан парақша жүргізіп, азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі сылтаумен ақша сұрайды.

Сонымен қатар жалған инвестициялық жобалар да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әлеуметтік желілерде белгілі саясаткерлер, кәсіпкерлер немесе қоғам қайраткерлері жоғары табыс әкелетін жобаларға инвестиция салуға үндейтін бейнероликтер жиі кездеседі. Алайда олардың көпшілігі дипфейк технологиясы арқылы жасалған болып шығады.

Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Еркебұлан Құттығожиннің айтуынша, цифрлық қауіпсіздіктің басты кепілі – сыни ойлау қабілеті.

Егер ақпарат тым тиімді көрінсе немесе эмоцияға қатты әсер етсе, алдымен оның шынайылығын тексеру қажет. Интернеттегі барлық ақпаратқа сене беруге болмайды, әсіресе сізден тез шешім қабылдауды немесе ақша аударуды талап етсе

– деді ол.

Форумға қатысушыларға мессенджерлер арқылы келген қаржылық өтініштерді міндетті түрде тексеру, күмәнді инвестициялық ұсыныстарды ресми дереккөздер арқылы нақтылау және қаржылық шешімдерді эмоцияға берілмей қабылдау қажеттігі ескертілді.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып жатқан кезеңде цифрлық сауаттылық әр азаматтың жеке қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Алаяқтардың әдіс-тәсілдері туралы хабардарлық артқан сайын, олардың құрбанына айналу қаупі де азая түседі.

Подписывайся на наш Телеграм-канал! Будь в курсе новостей!