Әлемнің бірқатар елінде сайлау учаскелері ашылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат СІМ сілтеме жасап.
Тегеран, Эр-Рияд, Джидда, Амман және Дохада, Анкара, Ыстанбұл және Анталияда сайлау учаскелері ашылды.
Сонымен қатар Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және Кувейт, Аддис-Абеба, Минск пен Брестте сайлау учаскелері дауыс берушілер үшін есіктерін ашты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астана уақытымен таңғы сағат 4-те Сеулде №258 және Токиода №261 сайлау учаскелері әлемде бірінші болып ашылды.
Оңтүстік Кореядағы ҚР азаматы курсант Асанов Ельнур бірінші болып дауыс берді.
ҚР Конституциясына сәйкес, Парламент Мәжілісі аралас сайлау жүйесі бойынша Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 98 депутаттан тұрады. Бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша, яғни партиялық тізім бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша – 29 депутат сайланады.
19 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және 19 наурыз күні Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған еді. Бұл күні Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау ұсынылды.