Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қытай-Қазақстан интеллектуалды есептеу және жасанды интеллект инновациялары» тақырыбында халықаралық симпозиум ұйымдастырылды.
ҚазҰУ мен Қытай компьютер федерациясының (CCF) бірлесуімен өткен ауқымды шараға отандық және шетелдік ғылыми қауымдастық өкілдері, IT-мамандар мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Симпозиумның ашылуында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев бұл жиынның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын елге айналдыру жөніндегі стратегиялық тапсырмасын жүзеге асырудағы маңызына тоқталды.
Өз кезегінде CCF төрағасының орынбасары Хай Цзинь екі елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін жоғары бағалап, ЖИ технологияларын дамытуда бірлескен зерттеулер жүргізу мен жас ғалымдарды даярлаудың өзектілігін тілге тиек етті.
Жиын барысында сарапшылар ЖИ саласындағы соңғы ғылыми әзірлемелер мен тәжірибелік жобаларды таныстырып, олардың экономика мен қоғам дамуына ықпалын саралады. Әсіресе үлкен тілдік модельдер (LLM), агенттік жүйелер және ЖИ-ді медицина мен ауыл шаруашылығында қолданудың нақты жолдары кеңінен талқыланды.
Симпозиум жұмысы сарапшылардың қатысуымен өткен дөңгелек үстел мен арнайы секциялық семинарлармен жалғасты.

