25 сентября 2026 года – День общенационального траура в Республике Казахстан
Понедельник, 5 октября

Президент: «Көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады»

Мемлекет басшысы еңбекқор, білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтті.

– Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады. Осы қарапайым түсінікті балаларға түсіндіріп айту маңызды. Стратегиялық мақсатымыз – биік шыңдарға көз тігетін, бәсекеден тайсалмайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қоғамда жаңа этика қалыптасып келе жатқанын атап өтіп, тазалық, еңбекқорлық, адалдық және өзара сыйластық қасиеттерінің маңызын айтты.

– «Таза Қазақстан» акциясы жалпыұлттық сипат алып, еліміздің келбетіне және ең бастысы, азаматтарымыздың болмысына оң әсер ете бастады. Табиғатты аялау, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекетіміздің конституциялық міндеті саналады. Осындай елдік маңызы зор іске сіздер, жалпы ұстаздар қауымы мол үлес қосып жатсыздар.

Себебі көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады. Сондықтан мен еліміздегі барша ұстазға шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұстаздық еткен әр адамның ерен еңбегі зор құрметке лайық деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.