25 сентября 2026 года – День общенационального траура в Республике Казахстан

eGov атынан қоңырау шалу: алаяқтардың жаңа схемасынан сақ болыңыз

Қазақстанда алаяқтар eGov және ХҚО қызметкерлері ретінде танысып, азаматтарды ЭЦҚ-ға қатысты мәселемен қорқыту арқылы алдау схемасын қолдануда.

2026 жылғы қыркүйекте Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура осындай жағдайлар туралы ескертті. Алаяқтар алдымен ЭЦҚ-ның мерзімі аяқталғанын немесе азаматтың атына жаңа ЭЦҚ шығарылғанын айтып, кейін жеке кабинет бұзылғанын және адамның атына кредит рәсімделгенін хабарлайды.

Содан кейін «мәселені шешу» үшін жаңа кредит рәсімдеуді немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынады.

Бұл – алаяқтық.

СҚО-да тіркелген схемалардың бірінде қоңырау шалушылар азаматқа ЭЦҚ мерзімін ұзарту үшін телефондағы 1 батырмасын басуды ұсынған. Кейін басқа адам қоңырау шалып, осы әрекеттен кейін жеке кабинет бұзылғанын және азаматтың атына кредит рәсімделгенін айтқан. Алаяқтар мәселені шешу үшін «қарсы кредит» рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап еткен.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бірнеше күн ішінде Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарынан осындай 20-ға жуық қоңырау туралы ақпарат түскен.

Алаяқтар көбіне бірнеше «маманды» іске қосады. Алдымен eGov немесе ХҚО қызметкері, кейін «банк қауіпсіздік қызметінің», «құқық қорғау органының» қызметкері қоңырау шалады. Бұл азаматқа мәселенің шынайы екеніне сендіру үшін жасалады.

Бас прокуратураның мәліметінше, қыркүйек айында eGov қызметкерлері ретінде танысқан алаяқтарға қатысты 30-ға жуық факт тіркелген. Кейбір жағдайларда азаматтарға олардың атына ЭЦҚ шығарылғаны айтылған. Осындай схемаға тап болған Тараз тұрғынына кейін оның атына жеті банктен кредит рәсімделгені хабарланып, әйел үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден астам ақша аударған.

Маңыздысы: ЭЦҚ-ны күтпеген телефон қоңырауы кезінде «ұзарту», «іске қосу» немесе «қайта шығару» туралы ұсынысқа сенуге болмайды.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, ЭЦҚ-ны қайта шығару үшін бір SMS-код жеткіліксіз. Белгіленген сәйкестендіру рәсімдері, оның ішінде биометриялық аутентификация қарастырылған.

Сондай-ақ ХҚО және eGov қызметкерлері банктік құпияға жататын ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Сондықтан мемлекеттік қызмет атынан адамның атына кредит рәсімделіп жатқаны туралы хабарлау – алаяқтықтың белгісі.

Не істеу керек:

– күдікті қоңырау болса, әңгімені бірден тоқтату;
– SMS-кодтарды, құпиясөздерді және ЭЦҚ деректерін ешкімге айтпау;
– қоңырау шалушы жіберген сілтемелерге өтпеу;
– ақпаратты eGov-тың ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өз бетінше тексеру;
– бейтаныс адамның нұсқауымен кредит рәсімдемеу;
– ақшаны «қауіпсіз», «резервтік» немесе «қорғалған» шоттарға аудармау.

Егер азамат SMS-кодты айтып қойса немесе ақша аударса, дереу банкке ресми нөмір арқылы хабарласу қажет. Сонымен қатар жеке кредиттік есепті тексеріп, алаяқтық кредит анықталған жағдайда банкке немесе МҚҰ-ға жүгініп, өтінішті тіркеу керек.

Телефон нөмірлері, хат алмасулар, сілтемелер, скриншоттар және төлем түбіртектері сияқты барлық дәлелдерді сақтап, құқық қорғау органдарына хабарласқан жөн.

ЭЦҚ деректері бұзылды деген күдік болса, оны кері қайтарып алу немесе қайта шығару рәсімдерін тек ресми сервистер арқылы жүргізу қажет.

Есте сақтаңыз: мемлекеттік органдар телефон арқылы кредит рәсімдеуді, ақшаны басқа шотқа аударуды немесе SMS-кодты айтуды талап етпейді. Күтпеген қоңырау кезінде асықпай, ақпаратты ресми арналар арқылы өзіңіз тексеріңіз.

Дереккөз: Fingramota.kz