29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Воскресенье, 23 августа

«Болашақтан келген қонақ»: Көкшетаудағы сайлау учаскесіне Warhammer әлемінің космодесантнигі келді

Көкшетаудағы №9 сайлау учаскесіне бүгін ерекше сайлаушы келді. «Болашақтан келген қонақ» акциясы аясында косплей қауымдастығының өкілі Warhammer 40,000 әлеміндегі космодесантник бейнесінде дауыс беруге қатысты.

Ақ түсті сауыт, жарықдиодты элементтер және кейіпкерге тән ерекше бейне бірден жұрт назарын аударды. Ол алыстағы болашақтан Көкшетауға келгендей әсер қалдырды. Кейіпкердің киімі Warhammer 40,000 әлеміндегі «Ақ тыртықтар» («Белые Шрамы») легионының бейнесіне негізделген.

«Ақ тыртықтар» – ғарыштық теңіз жаяу әскерлерінің бесінші легионы. Оның бейнесінде көшпелі мәдениетке, жылдамдық пен жауынгерлік дәстүрге тән элементтер бар. Сондықтан бұл образ фантастика әлемінің жанкүйерлеріне жақсы таныс.

Көкшетаулық Тимур Қожахметов үшін бұл акция сүйікті хоббиін қоғамдық маңызды оқиғамен ұштастыруға мүмкіндік берген.

«Warhammer әлеміндегі әр легионның өзіндік ерекшелігі бар. «Ақ тыртықтар» дала көшпенділерімен байланысты, сондықтан оларды бейнелі түрде «ғарыштағы қазақтар» деп атауға болады. Бұл костюмді жасауға, оны басып шығарып, тегістеп, бояуға бір жылдай уақыт жұмсадым. Қаруымен бірге салмағы шамамен 40 келі», – деді Тимур Қожахметов.

Ерекше кейіпкер әсіресе жастардың қызығушылығын тудырды. Тұрғындар онымен суретке түсіп, костюмінің бөлшектерін тамашалап, оның қай әлемнен келгенін сұрады.

Осылайша, №9 сайлау учаскесіндегі дауыс беру күні фантастикалық бояуға ие болды. Әдеттегі сайлау атмосферасына болашақтың кейіпкері қосылып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал «болашақтан келген қонақ» бұл жолы шайқасқа емес, өз азаматтық таңдауын жасауға келді.