29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Воскресенье, 28 апреля

«IQanat High School of Burabay» – жаңа ғасыр мектебі

Бұла табиғаты көз сүріндірер көркем Бурабайдың баурайында дарынды ауыл балаларына арналған «IQanat High School of Burabay» мектебі орналасқан. Бұл білім ордасында еліміздің батысы мен шығысында, оңтүстігі мен солтүстігінде, яғни, әртүрлі өңіріндегі арнайы білім олимпиадаларында топ жарған үздік оқушылар оқиды.

Аталмыш мектептің түлектері мен бүгінгі оқушыларын өзгермелі өмірді еркін бағамдай алатын, бірнеше тілді, сан түрлі өнерді меңгерген, спортқа бейім, бәсекеге қабілетті жастар қатарына жатқызсақ әбден лайық. Осы орайда, таудай талабымен білмекке ұмтылған ұл-қызды еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген «IQanat High School of Burabay» мектебінің ұжымын ерекше атап өткеніміз абзал.                               

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Кез-келген қазақтың тамыры ауылмен сабақтас, себебі ауыл ата-бабамыздың атамекені ғой. Иә, содан болар, жүрегі қазақ деп соққан әрбір жан үшін ауылдың орны ерекше. Айт-айтпа, ауыл баласы жастайынан еңбекке бейім, алғыр, болмысы еркіндікке жақын, бойына қазақы тәрбие сіңіріп өсетіні белгілі. Бірақ, бір әттеген-айы, барлық ауылда оқушы баланың қаладағыдай жан-жақты білім алуына бар жағдай жасалмаған.

Осы олқылықтың орнын «IQanat High School of Burabay» мектебі толтырып отыр. Мектепте балаларға тек теориялық білім берілмейді, онда ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиеге де баса назар аударылады. Талантты һәм дарынды балалар шоғырланған бұл білім ордасында оқу үдерісіне қажетті материалдық-техникалық база жыл сайын нығая түсіп, заманауи жабдық пен технологиялармен қамтамасыз етілген, оқушылардың әлемдік білім стандарттарына сәйкес білім алуларына барлық жағдайлар жасалған.

«Жарқын болашақ» қайырымдылық жобасын іске асыру аясындабиылғы оқу жылында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен Жаңаөзеннен 50 оқушы 11-ші сыныпта, сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы компаниясының атынан «Bilim Foundation» корпоративтік қорының қолдауымен маңғыстаулық 10-шы сыныптың 50 оқушысы олимпиадалық іріктеуден өтіп, «IQanat High School of Burabay» мектебінің 10-шы сыныбында оқып жатыр. «Жарқын болашақ» жобасының басты мақсаты – сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейту арқылы өңірдегі өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Өңірде бұл жобаны іске асыру тек мұнай-газ саласында ғана емес, басқа да салаларда білім беру құндылықтары мен мүмкіндіктерін қалыптастыруға игі ықпал ететін болады. Ал, бұл сапалы жоғары және орта кәсіптік білім алуға бағытталған түлектер санының өсуіне өз әсерін тигізері анық.

Біз бүгін мектептегі оқушылардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа деген қабілетін танып, оны дамыту жолында  аянбай еңбек етіп жүрген осы білім ордасының дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері туралы тарқатып айтсақ деп отырмыз.

Спорт – денсаулық кепілі екендігі анық. Ал, адамға алдымен денсаулық керек. Балалардың өз денсаулығына жүрдім-бардым қарамай, олардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін бар жағдайды жасап, өз білімдерін балаларға дарытып, оларды спортқа баулып жүрген ұстаздардың еңбегі орасан. Жасыратыны жоқ, біз ұстаздар жайлы айтқанда, көбіне-көп дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері туралы айта да, жаза да бермейміз. Ал, шын мәнінде балаларды жан-жақты тәрбиелеу деген сөз астарында алдымен, спортқа баулу деген сөз тұрады емес пе? Осындай білімді һәм білікті ұстаздар қатарына  «IQanat High School of Burabay» мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Нұржан Алдонғаров, Азат Шуданов, Ернұр Қазеровты қоссақ әбден лайық. Сұхбат барысында олардың әрқайсысы өз өмірбаяндары, өмірлік мақсаттары, алға қойған жоспарларымен де бөлісті.

Ауыл – алтын тамыр, қасиетті құт мекен. Өзім де ауылдың баласымын. Өздеріңіз білесіздер, ауыл балалары табиғатынан шымыр, спортқа бейім болады. Өз оқушыларымның бойынан даланың дархандығын, кеңдігін,  мейірбандығын байқаймын. Ауыл балаларының тәрбиесі де ерекше ғой. Үлкенге деген сыйластықтары, құрметіне де дән риза боласың. Қай-қайсысы болсын, шетінен өнерпаз, бәрі де талантты. Біздің мектепте басқа үйірмелерді айтпағанда, 7 спорттық үйірме бар. Мен балаларды волейбол мен садақ атуға баулып жүрмін. Бір оқу жылы ішінде 14 спорттық іс-шара ұйымдастырдық. Басты мақсатым – оқушы балаларым болашақта салауатты өмір салтын ұстанған, жан-жақты дамыған, білімді, өрелі азамат болып қалыптасса екен. Өзім Ақтөбе облысының мемлекеттік педагогикалық институын 2011 жылы тәмамдағанмын. Осы уақыттан бері алған білімімді жас ұрпақ бойына дарытып, аянбай еңбек етіп келемін. Біздің еңбек ұжымымыздың алар асуы әлі алда. Бірақ, спортта жеткен нәтижеміз де аз емес. Бір ғана мысал, таяуда қазан айында өткен «Jump rope» республикалық турнирде оқушыларымыз 11 медаль иеленді. Баскетболдан аймақтық спорт додасында жүлделі 3-ші орыннан көріндік. Оқушымыз Саяжан Усина қазақ күресінен ел чемпионы. Жалпы, көптеген оқушыларымыздың спорттық додаларда шашасына шаң жұқтырмас Құлагердей мәреден бірінші болып келуі алдымен ұстаз мерейі. Біз алдағы уақытта да балалардың болашағы жолында аянбай еңбек ете береміз. Өз басым мұны өмірлік қағидат санаймын. Біздің мектепте басшылық тарапынан кез-келген додаға қатысамын деген балаға барлық жағдай қарастырылған. Балаларды спортқа бейімдеу үшін қажеттінің барлығы бар. Мектептің Бурабайда орналасқанының өзі бір бақыт қой. Саф ауасының өзі адам денсаулығына зор әсерін тигізеді. Көбі Көкшетаудан қол созым жерде осындай мектеп барын білмеуі де мүмкін. Сондықтан да, жас оқырмандарды біздің мектепке шақырамыз

– дейді білікті ұстаз Нұржан Алдонғарұлы.

Ал, мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ернұр Қазеровтің еңбек өтілі 4 жыл екен. Ол осы мектепте дене шынықтыру сабағын жүргізумен қатар, балаларды қазақ күресіне баулиды. Қазақта «Тегі жақсы тегін болмас» деген. Ернұр мұғалімнің айтуы бойынша  бұл өнер оған атасынан дарыған. Туған ағасы Арнұр Базарбекұлы қазаққа танымал балуан, Азия чемпионы екендігін де атап өтсек дейміз. Өзі де жастайынан спорттық додаларға қатысып, ел абыройын асқақтата білген намысты жігіттердің бірі. Ендігі орайда, ұяда көрген тағылымды тәлімін білікті ұстаз ретінде өз оқушыларына дарытып отыр. Алдағы мақсаты оқушыларды ұлттық спорт түрлеріне барынша баулып, олардың салауатты өмір салтын ұстануына мейлінше жағдай жасау.

Атам педагог болатын. Мен де атамның жолын қудым. Білгеніңді, көңілге түйгеніңді жас ұрпаққа сіңіріп, үйретуден асқан бақыт жоқ қой. Ұлттық спорт арқылы балаларға рухани тәрбие берудің маңызы зор.  Адам тегін танып, тамырынан ажырамайды. Өз басым ұлттық ойындар бабалар мұрасы деп білемін

– дейді Ернұр ұстаз.

Осы тұста сұхбатымызға білікті ұстаз Азат Сандыбайұлы қосылды. Бір қуанарлығы, бұл мектепте біз сұхбаттасқан мұғалімдердің дені жастар. Жас болса да, елім деп еміреніп тұрған, ұлт болашағы жолында жұмыла еңбек етуден жалықпайтын майталман мамандар. Оқушыларды спортқа баулу жарқын болашақ кепілі дегенді мақсат тұтқан білікті ұстаздың бірі Азат Сандыбайұлы Ақтөбе облысының тумасы. Мектепте балаларға дене шынықтыру сабағымен қатар, дзюдо мен баскетбол үйірмесін жүргізеді.

Біздің мектептің бір ерекшелігі, біз балалардың жан-жақты білім алуына баса көңіл бөлеміз. Ол біліммен де, өнермен де, спортпен де қаруланып, бір сөзбен айтқанда ертеңгі болашағына зор әсерін тигізер тәлім алады. Ұстаз болу да, бапкер болу да оңай емес. Талапты баланы тап басып танып, оған бар білгеніңді үйрету, әр қадамына алаңдау, жеңсе өзің жеңгендей қуану, жеңілсе өзің жеңілгендей қамығу, бұл жауапкершілігі мол еңбек. Өз басым осы мамандықты таңдағанымды өзіме бақыт санаймын. Әсіресе, осындай ордалы оқу орнында еңбек ету бақыты бұйырғаны да мен үшін зор мерей. Алдағы уақытта да оқушыларыма сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етуді мақсат етемін

– дейді Азат Сандыбайұлы.

Иә, қай заманда болсын,өркениеттің өзегі білім мен тәрбие болып қала беретіні анық. Атап өтуіміз керек, бұл күнде халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен спорттық додаларда аталмыш мектептің оқушылары алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл сөз жоқ алдымен біз жоғарыда атап өткен білікті ұстаздардың жемісті еңбегінің нәтижесі. Қазақстанның білім беру жүйесі санға емес, сапаға негізделуі бүгінгі күннің талабы екендігі де айқын. Себебі, әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы өнер мен білімнің еншісінде. Осы орайда, білімнің көшіне сарабдал, салмақты олжа салып отырған «IQanat High School of Burabay» мектебі еліміздің маңдайалды, мақтан тұтар ұл-қызын тәрбиелейтін жаңа ғасыр мектебі десек артық айтқандық емес.