29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан

Диалог алаңында – көшбасшы жастар

Ақмола облысы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Бурабай ауданындағы Щучинск қаласының педагогикалық колледжінде референдумның мән-маңызын түсіндіруге арналған диалог алаңы ұйымдастырылды.

Дені жастар қатысқан іс-шараға облыстық және өңірлік жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері, студенттер, жастар ұйымдарының басшылары мен көшбасшылары белсенді қатысты. Сондай-ақ пікірталас алаңына келген Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев, Amanat партиясы қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Сәдуақасова, «Ұлан-ғайыр дала елі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Валихан Бахретдинов, «Жастар қызметкерлері қауымдастығы» ҚБ төрағасы Нұрлыбай Наурызбаев және «Есірткісіз болашақ» КҚ атқарушы директоры Жандос Ақтаев жастарға Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың маңыздылығын түсіндіріп, алдағы референдумға белсенді атсалысуға шақырды.

Іс-шараның модераторы, «Қазақстан жастар конгресі» қауымдастығы нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры, Жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі Тоқтар Болысов референдумның Жолдауда жарияланған реформаларды халықтың таңдауымен жүзеге асыруға жол ашатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы әрқашанда азаматтарды шешім қабылдауға белсенді қатысуға шақырып келеді. Конституциялық өзгерістер бойынша енді аралас сайлау жүйесі арқылы партияға мүше емес азаматтар да Парламентке сайлана алады. Егер референдумда дауыс берушілер осы өзгерістерді қолдаса, онда біз Президент айтқан Жаңа, Әділетті Қазақстан құруға мүмкіндік аламыз. Бұл – еліміздің дамуы үшін маңызды қадам

— деді ол.

Референдумға қатысып, ашық пікір білдіру, қоғамға үн мен үлесін қосу еліміздің болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды күн екенін естен шығармаған жөн. Барлығымыз бірлігі жарасқан ел болып жұмылсақ қана өзіміз қалағандай берекелі әрі бейбіт Жаңа Қазақстанды құра аламыз. Бұл саяси науқан – ел өміріндегі тарихи сәт. Осы сәтті пайдалана отырып, мемлекетіміздің болашағы үшін мүддесін арттыру баршамыздың абыройлы міндетіміз екенін айтқым келеді

— деді басқосуда сөз алған Нұрлыбай Наурызбаев.

Ал еліміздің үлкен өзгерістер алдында тұрғанын еске салған Жандос Ақтаев мемлекеттің дамуы тікелей осы референдумға байланысты екенін айтты.

Жиынға қатысқан жастар мен сарапшылар алдағы референдумға, Конституцияға енгізілетін түзетулерге оң көзқараспен қарайтындықтарын айтып, еліміздің өркендеуінің іргетасы қаланатынына сенім білдірді. Кездесу соңында қатысушылар қонақтарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қосымша ақпараттарға қанықты.