А. ж. 5 қыркүйекте Макинск қаласында food-холдинг aitas компаниясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған алғашқы nomad álemi фестивалі өтті. Бір күн ішінде фестиваль 6 мыңнан астам қонақты жинап, музыка, заманауи өнер, тарих, гастрономия, ұлттық ойындар, білім беру бағдарламасы және бүкіл отбасыға арналған түрлі белсенділікті бір алаңға тоғыстырды.
Макинск nomad álemi фестивалінің үлкен сапарының алғашқы нүктесіне айналды. Фестивальдің келесі кезеңдері 12 қыркүйекте Қасым Қайсенов кентінде және 19 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді.
Фестивальдің дәл Макинск қаласында басталуы aitas үшін кездейсоқ емес. Бұл – холдинг қызметінің негізгі өңірлерінің бірі. Мұнда aitas компаниясының ірі кәсіпорындарының бірі – Макинск құс фабрикасы жұмыс істейді.
Сондықтан компанияның 30 жылдығын жабық корпоративтік іс-шара ретінде емес, қызметкерлерге, олардың отбасыларына және өңір тұрғындарына арналған ауқымды фестиваль форматында атап өту туралы шешім қабылданды.
«Ашық фестиваль форматы бүгінде холдингте жүріп жатқан өзгерістердің табиғи жалғасы ретінде пайда болды. Біз үшін мерейтой – бүгінгі кім екенімізді, қалай ойлайтынымызды және әрекет ететінімізді көрсетуге, сондай-ақ жолымыз бір адамдарды бір үлкен шаңырақтың астына жинауға мүмкіндік.
Макинск – aitas жолының маңызды бөлігімен байланысты өңірлердің бірі. Мұнда біздің адамдарымыз еңбек етеді, өндіріс дамып, әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Сондықтан бұл мерекені қаламен бірге бөлісіп, адамдарды мәдениет, шығармашылық және ортақ болашақ төңірегінде біріктіретін кеңістік құрғымыз келді. Біздің түсінігіміздегі заманауи көшпенді философиясы – тамырыңды ұмытпай, алға жылжу және қай жерде жүрсең де, сол жерде жасампаздық таныту», – деді aitas холдингінің негізін қалаушысы, инвестор және кәсіпкер Серік Толықбаев.
nomad álemi фестивалінің негізінде көшпенділердің дүниетанымына деген заманауи көзқарас жатыр. Бұл – мұраның бүгінгі күні өнер мен музыкада, жерге және еңбекке деген қарым-қатынаста, қонақжайлықта, жаңашылдыққа ашықтықта және адамның өз бағытын сақтай отырып, алға ұмтылу қабілетінде қалай өмір сүріп, шабыт беріп келе жатқаны туралы әңгіме.
Фестиваль аумағы Білім, Болашақ, Дастархан, Өнер, Ойын, Рух және Шаңырақ атты тақырыптық кеңістіктерге бөлінді. Олардың әрқайсысы көшпенділердің мәдени кодын заманауи тұрғыдан танытты.
Әр адам жүріп өтетін жол
Фестивальдің ерекше бөліктерінің бірі – «Мүшел жолы» иммерсивті кеңістігі болды. Бұл – адамның өмір жолын мүшел жас ұғымы арқылы танытатын авторлық жоба.
Театрландырылған саяхат форматында қонақтар өмірдің түрлі кезеңдерінен – есейу, өзгеріс, таңдау және бір өмірлік кезеңнен екіншісіне өту сәттерінен өтті. Әр адам бұл бағытты өзінің жеке жолы ретінде сезініп, ата-баба даналығына үңіліп, жеке өмірлік тәжірибесіне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік алды.
Кеңістіктің негізінде адам өмірінің циклдік сипаты және ұрпақтан ұрпаққа берілетін білім туралы түсінік жатыр. Бейнелер, әрекет және ерекше атмосфера арқылы «Мүшел жолы» дәстүр туралы жай ғана білуге емес, оны сезінуге және өзіне жақын мағыналарды табуға мүмкіндік берді.
Осылайша фестивальдегі жол философиясы әр адамның жеке тарихына айналды.
Көшпенділер тарихынан болашақ туралы әңгімеге дейін
Фестивальдің негізгі алаңдарының бірі Білім кеңістігі болды. Мұнда күні бойы дәрістер, пікірталастар және зерттеушілермен, бизнес пен креативті индустрия өкілдерімен кездесулер өтті.
Әңгіме фестивальдің басты сауалынан басталды: заманауи көшпенді деген кім? Ол қандай?
Тарихшы-медиевист Айболат Көшкімбаев көшпенділер мен жаһандану туралы айтты. Журналист әрі петроглифтерді зерттеуші Юрий Дорохов сақталған мәдени кодтар арқылы туған жер тарихын қалай тануға болатынына тоқталды. Креативті индустрия өкілдері көшпенділік феноменіне және оның қазіргі мәдениеттегі көрінісіне қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.
Бағдарламада сөз құдіреті, дәстүрлі музыкалық аспаптар, тамақтану мәдениеті және гастрономиялық мұра тақырыптары да қамтылды.
Сонымен қатар aitas компаниясының өз даму жолына да ерекше назар аударылды: өндірістік бизнестен ұлттық food-холдингке дейінгі өсуі, бизнес пен әлеуметтік қызметтің үйлесімі және компания үшін жол философиясының ең алдымен жасампаздықпен, жауапкершілікпен және даму мүмкіндіктерін көре білумен байланысы сөз болды.
Осылайша Білім кеңістігі тек өткен тарих туралы емес, мәдени мұраның қазіргі адам өміріндегі орны туралы да диалог алаңына айналды.
Дала өнеріне жаңа көзқарас
Өнер кеңістігі өнерді, қолөнерді және таныс мәдени бейнелерді жаңа қырынан біріктірді.
Галереяда қазақстандық суретшілер Дәурен Тасболатовтың, Шынар Қоғабайдың және Риза Есентаевтың жұмыстары ұсынылды. Әр суретші өзіндік көркем тіл арқылы мәдени мұра, дала және заманауи көшпендінің болмысы тақырыптарына назар аударды.
Мұнда арт-шеберхана жұмыс істеп, перформанстар мен тәжірибелік шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қонақтар шығармашылық үдерісті сырттай бақылап қана қоймай, оның бір бөлігіне айналды: әшекейлер мен аксессуарлар жасап, этникалық нақыштармен жұмыс істеп, дәстүрлі және заманауи техникалармен танысты.
Күннің басты оқиғаларының бірі nomad álemi фестивалінің үш символының алғашқысы – «Бұлан» ұжымдық арт-нысанының жасалуы болды.
Бұлан бейнесі аумақтың танымал символдарының бірі ретінде таңдалды. Нысанның негізін Астанадан келген суретшілер командасы дайындады, ал оны фестиваль қонақтары аяқтады: күні бойы олар конструкцияны жиналған пластик қақпақтармен толықтырды.
Арт-нысан жүздеген адамның бірлескен еңбегінің нәтижесіне айналып, үлкен өзгерістер әр адамның үлесінен құралады деген қарапайым ойды еске салды.
Фестивальден кейін «Бұлан» Макинск қаласында қалады.
Макинск nomad álemi фестивалінің үш арт-нысаннан тұратын сериясын бастады. 12 қыркүйекте Қасым Қайсенов кентінде «Марал», ал 19 қыркүйекте Алматыда «Тазы» арт-нысаны пайда болады.
Ұлттық ойындар мен тірі дәстүрлер
Ойын кеңістігінде мәдениетті тек тамашалап қана қоймай, оған тікелей қатысуға мүмкіндік болды.
Қонақтар арқан тарту мен асық атудан жарысып, садақ атып, басқа да дәстүрлі ойындармен танысты.
Бағдарламаның бір бөлігі ретінде тазы, бүркіт, түйе және жылқымен интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды. Бұл жануарлар ғасырлар бойы дала өмірінің ажырамас серігі болған.
Театрландырылған қойылымдар дәстүрді музейлік реконструкция ретінде емес, әлі де шабыттандырып, адамдарды біріктіретін тірі мәдениет ретінде көрсетуге мүмкіндік берді.
Даланың дәмі және бірге болу мәдениеті
Ең көп келуші жиналған алаңдардың бірі – Дастархан кеңістігі болды. Мұнда гастрономия көшпенділер мәдениетімен танысудың тағы бір тәсіліне айналды.
Ғалым-этнограф, «Қазақ асханасы. Дәмдер. Дәстүрлер» кітабының авторы Айгерім Мұсағажинова көшпенділер асханасы, тағамдар мен өнімдердің тарихы және олардың қазіргі гастрономиядағы орны туралы дәріс пен шеберлік сабағын өткізді.
Қонақтар көшпенділердің ұмыт қалған және көпшілікке таныс емес тағамдарын танып, дәстүрлі дәмдер мен рецептердің бүгінгі күні қалай жаңа сипат алып жатқанын білді. Күні бойы гастрономиялық бағдарламаны аспаздық шеберлік сабақтары толықтырды.
Бағдарламаның ерекше бөліктерінің бірі «Дастархан – Көрісу» әлеуметтік перформансы болды. Ортақ дастархан басында бұрын таныс емес адамдар бір-бірімен танысып, әңгімелесіп, дала мәдениетінде дастарханның неге тек ас ішетін орын ғана емес, кездесу, ашықтық және адамдар арасындағы байланыстың кеңістігі болғанын талқылады.
Болашақ балалар көзімен
Болашақ кеңістігі балалар мен болашаққа арналды.
Жас қонақтар өздерінің болашақ ауылын құрып, ғылыми шоуларға, шығармашылық және музыкалық шеберлік сабақтарына, ұлттық ойындарға, интерактивті қойылымдарға және «Алға дэнс» Silent Disco бағдарламасына қатысты.
Мамандықтар қалашығында балалар агроном, инженер, зертхана маманы, технолог және ветеринар рөлінде өздерін сынап көрді. Бұл – өндірістің, ауылдық аумақтардың және елдің азық-түлік саласының дамуына тікелей әсер ететін мамандықтар.
Жаңа даланың әуені
Рух сахнасында этникалық үн мен заманауи музыка тоғысты.
Фестиваль бағдарламасында Steppe Sons, Арқайым, Тенгри, Dudeontheguitar, Arshat, Nasia from Asia, Yenlik, Үркер және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.
Ұлттық аспаптар, заманауи музыка және сахналық коллаборациялар мәдени мұраның өз болмысын сақтай отырып, әртүрлі буын үшін өзекті әрі заманауи бола алатынын көрсетті.
Жанды музыка қонақтарды баурап, өзіне тартты. Музыканы тек тыңдап қана қоймай, жүрекпен сезінді. Дауыстар мен аспаптардың үні кеңістікті кернеп, сахна маңына адамдарды жинады және музыка ортақ сезімге айналатын ерекше атмосфера сыйлады.
aitas жолы: дәннен отбасылық дастарханға дейін
Фестивальде aitas холдингіне және компанияның дамуына үлес қосып жүрген адамдарға да ерекше назар аударылды.
aitas киіз үйінде қонақтар дәннен дайын өнімге дейінгі интерактивті жолдан өтіп, өнімнің жасалу кезеңдерімен және холдингтің даму тарихымен танысты.
Бұл сапардың соңғы нүктесі – дегустация болды. Макинскідегі nomad álemi қонақтары aitas компаниясының дүкен сөрелеріне шықпай тұрып-ақ жаңа өнімдерімен алғаш болып танысты. Бұл гастрономиялық саяхатқа шамамен 4 мың қонақ қатысты.
Қонақтардың талғамы мен отбасы дәстүрлерінің жалғасы ретінде «Халық рецептер кітабы» жасалды. Онда фестиваль қатысушылары холдинг өнімдерін пайдалана отырып дайындалатын отбасылық тағамдары мен сүйікті рецепттерімен бөлісті.
Компанияның 30 жылдығына орай қатысушылар aitas ұжымына өз тілектерін де қалдырды.
Осылайша компания тарихы өндірістік көрсеткіштер арқылы емес, әр адамға түсінікті жолмен баяндалды: жерден, дәннен және әр адамның үлесінен отбасылық дастархандағы өнімге дейінгі жол.
Макинск – ортақ жолдың бір бөлігі
Алғашқы nomad álemi фестивалі aitas үшін қызметкерлерді, олардың отбасыларын және компанияны ортақ тарих пен ортақ болашақ байланыстыратын өңір тұрғындарын бір алаңға біріктіруге мүмкіндік берді.
Макинскіде nomad álemi заманауи көшпенділер фестивалі өтті
| 13 просмотров
Поделиться:

