Көкшетауда тамыз және қыркүйек айларында Aqmola Hub базасында IT және технологиялық кәсіпкерлік бағыттары бойынша тегін білім беру бағдарламалары өтуде. Қатысушылар сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп, өз стартаптарын инвесторларға таныстырып, жеке жобаларын іске қосуға дайындала алады. Бұл туралы брифинг барысында хаб директоры Асель Абдрахманова мәлімдеді.
Aqmola Hub Көкшетау қаласында 2023 жылдан бері Astana Hub-тың өңірлік алаңы ретінде жұмыс істеп келеді. Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп мұнда жобаларды басқару, ГАЖ-аналитика, деректерді талдау, Vibe coding және киберқауіпсіздік бағыттары бойынша қарқынды оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады.
Стартап жобаларын әзірлеушілер үшін сарапшылар мен инвесторлардың қатысуымен Pizza Pitch кездесулері өткізіледі. Әр питчтің жүлде қоры – 450 мың теңге.
Сонымен қатар Digital Aqmola және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен бірлесіп Tomorrow School білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қатысушылар командаларға бөлініп, практикалық міндеттермен жұмыс істейді. Бағдарламаға қатысу үшін IT саласында алдын ала дайындықтың болуы талап етілмейді.
Келесі кезеңде Көкшетауда алғаш рет сегіз апталық Smart City акселераторы іске қосылады. Оның аясында командалар қалалық ортаға арналған цифрлық шешімдер әзірлейді. Жобаларда, соның ішінде, жасанды интеллект технологияларын қолдануға мүмкіндік беріледі. Әзірленген шешімдер нақты қалалық мәселелер негізінде сынақтан өткізіледі. Финалға 10 стартапты іріктеу жоспарланып отыр. Олардың үшеуін пилоттық жоба деңгейіне дейін жеткізу көзделген.

