«Аудару үшін карта қажет. Бірден төлейміз», «Банк картасын рәсімдеп, деректемелерді беріңіз. Басқа ештеңе істеудің қажеті жоқ», «Тәжірибесіз қашықтан жұмыс. Әрбір аударым үшін – 10%».
Мұндай ұсыныстар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, жұмыс іздеуге арналған чаттар мен хабарландыру сайттарында жиі кездеседі. Бір қарағанда, жұмыс оңай көрінеді: арнайы білім мен тәжірибе қажет емес, ал бірнеше операция үшін жылдам ақша ұсынылады.
Алайда мұндай «қосымша жұмыстың» артында дропперлік схема тұруы мүмкін.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлік үшін жеке қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл норма Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында бекітілген. Жасалған әрекеттің сипаты мен мән-жайларына қарай жаза мүлікті тәркілеумен және жеті жылға дейін бас бостандығынан айырумен байланысты болуы мүмкін.
Дропперлер алаяқтарға не үшін қажет?
Алаяқтарға ұрланған ақшаны алу ғана емес, оның нақты алушысы мен қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларды анықтауды қиындату маңызды. Сол себепті олар ақша қозғалысын жүзеге асыру үшін басқа адамдардың банк шоттары мен карталарын пайдаланады.
Дроппер – өзінің банктік шотын немесе картасын басқа адамдарға пайдалануға беретін, не олардың нұсқауы бойынша ақша қабылдайтын, аударатын немесе қолма-қол ақшаға айналдыратын адам.
Схема әдетте былай жүреді: ақша бір шотқа түседі, кейін бірнеше басқа шотқа аударылады, ұсақ сомаларға бөлінеді немесе қолма-қол ақшаға айналдырылады. Делдалдар неғұрлым көп болған сайын, қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларды анықтау соғұрлым қиындай түседі.
Бірақ банк шоты нақты бір адамның атына тіркелген. Сондықтан барлық операциялар цифрлық із қалдырады және тексеру кезінде шот иесі ақша қозғалысына қатысушылардың бірі ретінде анықталуы мүмкін.
Студенттер мен жұмыссыздар неге тәуекел тобына түседі?
Алаяқтар көбіне тез әрі оңай ақша табуға қызығушылық танытатын адамдарды іздейді.
Олардың қатарында толық емес жұмыс күнін іздейтін студенттер мен жастар бар. Оларға банк картасын ашқаны, бірнеше аударымды қабылдағаны немесе ақшаны қолма-қол алғаны үшін бірнеше ондаған мың теңге ұсынылуы мүмкін.
Сондай-ақ тұрақты табысы жоқ немесе қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтар да осындай ұсыныстардың нысанасына айналады.
Алаяқтар өздерінің шынайы мақсатын ашық айтпайды. Оның орнына «көмекші», «төлем операторы», «менеджер», «курьер», «қаржы агенті» немесе «айырбастау қызметінің қызметкері» сияқты атауларды қолдануы мүмкін.
Дропперлік схемалардың кең таралған түрлері
Бірінші схема – банк картасын беру
Адамға жаңа банк картасын ашу немесе бұрыннан бар картасын пайдалануға беру ұсынылады. Ол үшін сыйақы уәде етіледі.
Кейде алаяқтар картаның өзін ғана емес, оның деректемелерін, мобильді банкингке кіру мүмкіндігін немесе басқа да қолжетімділік құралдарын беруді сұрайды.
«Карта бизнес үшін керек», «клиенттердің төлемдерін қабылдау қажет», «сізге ештеңе істеудің қажеті жоқ» деген сияқты түсіндірмелер айтылуы мүмкін.
Бірақ карта басқа адамның қолына өткеннен кейін оның шоты арқылы шығу тегі белгісіз қаражат жүре бастайды. Ал карта иесінің аты-жөні банк шотымен тікелей байланысты болып қалады.
Екінші схема – ақшаны қабылдап, әрі қарай аудару
Бұл жағдайда банк картасын берудің қажеті жоқ. «Жұмыс беруші» адамның шотына ақша аударып, оның белгілі бір бөлігін өзіне қалдыруды, қалғанын басқа шотқа жіберуді сұрайды.
Алғашқы аударым шағын болуы мүмкін. Кейін сомалар көбейеді.
Адам «Мен ештеңе ұрлаған жоқпын, ақша өзіме түсті, мен тек әрі қарай аудардым» деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл қаражат бұған дейін алаяқтардың басқа құрбанынан алынған болуы ықтимал.
Осылайша дроппер жәбірленуші мен қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар арасындағы делдалға айналады.
Үшінші схема – жалған жұмыс
Адам курьер, көмекші, төлем операторы немесе менеджер қызметіне арналған хабарландыруды көреді. «Жұмысқа қабылдау» бірнеше минут ішінде мессенджер арқылы жүргізіледі.
Алдымен «жалақы алу үшін белгілі бір банктен карта ашыңыз» деген талап қойылуы мүмкін. Кейін «картаңыз арқылы клиенттердің төлемдері өтеді» деген түсіндірме беріледі.
Келесі кезеңде түскен ақшаны қолма-қол алып, белгілі бір адамға беру сұралады.
Егер жұмысқа орналасу кезінде банк картасының фотосуреті, мобильді банкингке кіру деректері, SMS-кодтар немесе басқа да құпия ақпарат сұралса, бұл – қауіпті белгі.
Төртінші схема – жалған брокердің құрбанын дропперге айналдыру
Кей жағдайда адам бастапқыда алаяқтардың өзі құрбаны болады.
Мысалы, азамат жалған брокерлік сайтқа тіркеліп, өз қаражатын салады. Жеке кабинетте оның «табысы» өсіп жатқандай көрінеді. Алайда ақшаны шешіп алу кезінде менеджер қосымша операция жасауды талап етеді.
Осы кезде адамның банк шотына белгісіз біреуден ақша түсіп, оны басқа шотқа аудару сұралады.
Адам мұны инвестицияға байланысты қалыпты операция деп қабылдауы мүмкін. Ал іс жүзінде түскен ақша алаяқтардың басқа құрбанына тиесілі болуы ықтимал.
Нәтижесінде бастапқыда өзі алданған азамат басқа адамдардың қаражатын тасымалдайтын делдалға айналады.
«Мен ақшаның қайдан келгенін білмедім» деу жауапкершіліктен босата ма?
Әр адам өзінің қылмыстық схемаға тартылып жатқанын бірден түсіне бермейді. Сондықтан басқа адамның ақшасын қабылдамас бұрын немесе аудармас бұрын операцияның мәнін анықтап алған жөн.
Егер бейтаныс адам сіздің банк шотыңызды пайдаланғаныңыз үшін ақша ұсынса, ең алдымен: «Неліктен ол бұл операцияны өз шоты арқылы жасай алмайды?» деген сұраққа жауап іздеу қажет.
Мына жағдайлар ерекше сақ болуға негіз болады:
– әртүрлі белгісіз адамдардан ақша түсуі;
– ақшаны бірнеше бөлікке бөліп аударуды сұрау;
– түскен қаражатты дереу қолма-қол алуды талап ету;
– ақшаны үнемі өзгеріп отыратын деректемелерге аудару;
– қаражаттың қайдан келгенін сұрамауды немесе оған мән бермеуді талап ету.
Егер операцияның заңсыз қызметпен байланысты болуы мүмкін екенін түсінсеңіз, аударымдарды жалғастыруға болмайды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қол жеткізуді заңсыз ұсыну, беру немесе сатып алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін жауапкершілік қарастырылған.
Сондықтан «мен тек ақша аудардым» деген түсініктеме мұндай әрекеттің салдары болмайтынын білдірмейді. Нақты құқықтық баға істің мән-жайы мен адамның қатысу деңгейіне қарай беріледі.
Дроппер болуды ұсынып жатқанын қалай түсінуге болады?
Ең басты белгі – сізден жеке банк шотыңызды басқа адамдардың мүддесіне пайдалануды сұрауы.
Мынадай ұсыныстардан бас тартқан жөн:
– банк картасын ашып, оны басқа адамға беру;
– картаны сату немесе «жалға беру»;
– мобильді банкингке қолжетімділікті ұсыну;
– белгісіз адамдардан ақша қабылдап, оны басқа шоттарға аудару;
– түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, басқа адамға беру;
– белгілі бір пайыз үшін өз шотыңыз арқылы басқа адамның төлемдерін жүргізу;
– бірнеше банктен бірден бірнеше карта ашу;
– жеке шотыңызды белгісіз айырбастау пункті, инвестициялық компания немесе интернет-дүкен операцияларына пайдалану;
– шотыңызға түсетін қаражаттың шығу тегіне қызықпау.
Заңды жұмыс беруші қызметкерден өз банк картасын бөтен адамдардың ақшасымен операция жасау үшін беруді немесе мобильді банкингіне қолжетімділік ұсынуды талап етпейді.
Шотқа белгісіз ақша түссе, не істеу керек?
Егер банк картаңызға белгісіз адамнан ақша түссе, оны өз бетіңізше кері аударуға асықпаңыз. Әсіресе бөгде адамның нұсқауы бойынша басқа шотқа жіберуге болмайды.
Ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырмаңыз және белгісіз адамдардың келесі нұсқауларын орындамаңыз.
Ресми байланыс арналары арқылы өз банкіңізге хабарласып, күмәнді аударым туралы ақпарат беріңіз. Әрі қарай банктің ұсынымдарына сәйкес әрекет етіңіз.
Егер сізді алаяқтық схемаға тартуға әрекет жасалды деп күмәндансаңыз, құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.
Сондай-ақ хат алмасуларды, телефон нөмірлерін, жұмыс туралы хабарландыруды, аударымдар жөніндегі мәліметтерді және «жұмыс берушінің» байланыс деректерін сақтап қойған дұрыс. Бұл ақпарат жағдайдың мән-жайын анықтауға көмектесуі мүмкін.
Қосымша табыс табудың жолын іздеген кезде ұсыныстың шарттарына мұқият қараған жөн. Өз банк картаңызды, мобильді банкингке кіру деректерін немесе SMS-кодтарды басқа адамдарға беру – қауіпсіз жұмыс емес. «Оңай ақша» ұсынған адам алдымен өз шотыңызды пайдалануды не үшін сұрап отырғанын түсіндіруі керек.
Дереккөз: Fingramota.kz, «Жеңіл ақшаның құны: кәдімгі қосымша жұмыс адамды дропперге қалай айналдыра алады»

