29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Вторник, 11 августа

Абай күні Ақмолада: қара сөзден әнге дейінгі рухани сабақтастық

Бір жерде Абайдың қара сөздері талқыланса, енді бір жерде оның әндері шырқалып, мектеп оқушылары ақынның өмірі мен шығармашылығын зерделеп жатыр. Абай күні Ақмола облысында осындай түрлі форматтағы рухани шаралармен аталып өтуде, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.

Абайды бір ғана қырынан тану мүмкін емес. Ол – ақын, ойшыл, ағартушы, сазгер. Оның шығармаларында білім мен ғылым, еңбек пен адалдық, адамгершілік пен ел болашағы қатар өріледі. Сондықтан 10 тамыз – Абай күні Ақмола облысында да ақынның сан қырлы мұрасын әртүрлі аудиторияға танытуға мүмкіндік беретін маңызды мәдени датаға айналды.

Биыл өңірдің қалалары мен аудандарында Абай шығармашылығына арналған әдеби кештер, танымдық дәрістер, шығармашылық кездесулер, мектеп сабақтары мен жастар байқаулары ұйымдастырылуда. Олардың ортақ ерекшелігі – ақын мұрасын тек еске түсіріп қана қоймай, оның ойларын бүгінгі күнмен байланыстыру.
Қара сөзден – қазіргі қоғамға

Абайдың қара сөздері бұл жолы жастардың пікірталасына айналды. Көкшетауда өткен облыстық «Абай дана» байқауында қатысушылар ақынның кез келген қара сөзін таңдап, оның мазмұнын ашып, онда көтерілген мәселелердің бүгінгі қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.

Екі кезеңнен тұрған байқауға Ақмола облысының қалалары мен аудандарынан жастар қатысты. Нәтижесінде үшінші орын Нұрай Қабдрашитке, екінші орын Батырбек Хуанға берілсе, Перизат Пазыл жеңімпаз атанды.
Қазылар алқасының мүшесі, абайтанушы Аманжол Ысмағұлов мұндай кездесулердің жас ұрпақ үшін маңызын атап өтті.

«Абайдың терең мағыналы өлеңдері, музыкалық шығармалары мен қара сөздері бүгінгі ұрпақ үшін білімнің, еңбектің, адалдықтың құндылығын түсіндіретін рухани бағдар болып қала береді. Жастардың ақын шығармашылығын өз қатарластары арасында насихаттауға қызығушылық танытуы қуантады», – деді Аманжол Ысмағұлов.

Бұл ретте Абайдың қара сөздері тек жастар байқауының тақырыбы болып қалған жоқ. Әдебиет және өнер музейінде өткен «Абай – ұлттың рухани темірқазығы» атты танымдық дәрісте ғалымдар ақынның философиялық көзқарастарын, гуманистік идеяларын және оның шығармаларында көтерілген адам мен қоғам мәселелерін талқылады.

Абайды әнімен танығандар

Абайдың мұрасы – кітап бетінде қалған дүние емес. Оның әндері де қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі.

Мәлік Ғабдуллин музейі ұйымдастырған «Абай әндері – руханияттың алтын қазынасы» атты кездесуде ақынның музыкалық мұрасы кеңінен таныстырылды. Кеште Болат Есмұханов пен Мара Есмұханова ән орындап, Абайдың алтыншы қара сөзі оқылды. Ал шара соңында көпшілік «Көзімнің қарасы» әнін бірге орындап, рухани кездесуді әнмен қорытындылады.
Кездесудің модераторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байқал Байәділ де Абай шығармашылығының әр қырын танытатын мұндай шаралардың маңызын атап өтті.

Мектептен басталған тағылым

Абайды насихаттау жұмысы жастар мен ересектерге арналған шаралармен ғана шектелмейді. Ақын мұрасын мектеп оқушыларына түсіндіруге де ерекше көңіл бөлінуде.

Көкшетау қаласының №2 мектеп-лицейінде «Абай – дана, Абай – дара тұлға» атты тарих сабағы өтіп, оқушылар ақынның өмірі мен шығармашылығымен танысты. Сабақта оның өлеңдері мен «Қара сөздерінің» мазмұны, идеялық бағыты және тәрбиелік мәні талқыланды.

Ал Ерейментау ауданындағы Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінде өткен «Абай – ұлы ойшыл, дана ақын» әдеби-сазды кешінде жас өнерпаздар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, ән орындады. Өнерімен ерекшеленген балалар арнайы марапаттарға ие болды.

Осы мысалдардың өзі Абай мұрасының әр жастағы аудиторияға әртүрлі жолмен ұсынылып отырғанын көрсетеді. Жастар қара сөздер арқылы ой бөліссе, оқушылар ақынның өмірі мен шығармашылығын сабақ барысында танып, өнерпаздар оның өлеңдері мен әндерін сахнада жаңғыртуда.

Абайдың өзі айтқандай, адамды адам ететін қасиеттердің бірі – үнемі іздену. Білімге, еңбекке, адамгершілікке үндеген ақынның осы ұстанымдары бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Сондықтан Абай күні – күнтізбедегі атаулы дата ғана емес. Бұл – ақынның сөзін қайта оқып, оның ойын қазіргі өмірмен салыстырып, әр ұрпақтың Абайдан өзіне қажетті тағылымын табатын күн.

Ақмола облысында ұйымдастырылып жатқан шаралардың көптүрлілігі де осыны аңғартады: Абай мұрасы музейде де, кітапханада да, мектепте де, жастар ортасында да өмір сүріп жатыр.

Гүлнұр Арапбай