29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Понедельник, 29 июня

Домбыра, жыр және цифрлық технологиялар: Астанада «Асыл мұра» ауқымды концерті өтеді

5 шілде күні Ұлттық домбыра күні аясында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында сағат 17:00-де «Асыл мұра» концерті өтеді. Елорда күні қарсаңында ұйымдастырылатын бұл мәдени жоба биыл бесінші рет өткізілмек, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Асыл мұра» – ұлттық өнердің тарихи-мәдени құндылығын, өңірлік орындаушылық мектептердің сабақтастығын және домбыра мұрасының қазіргі мәдени кеңістіктегі маңызын көрсетуге бағытталған.

Іс-шараның мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі музыка өнерін дәріптеу, сирек орындалатын шығармаларды жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Концерт барысында қазақтың дәстүрлі әншілік және күйшілік өнерінің Арқа, Сыр, Жетісу, Алтай-Тарбағатай және Батыс мектептері кеңінен таныстырылып, бес орындаушылық мектептің ерекшелігін айқындайтын әндер, жырлар мен күйлер орындалады.

Мәдени іс-шараға белгілі өнер қайраткерлері мен дәстүрлі өнер өкілдері қатысады. Олардың қатарында Сержан Мұрсайын, Перизат Тұрарова, Өзгеріс Шерікбай, Бейбіт Мұсаев, Ардақ Балажанова, Нұржан Жанпейісов, Алмас Алматов, Елмұра Жаңаберген, Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпен, Айгүл Қосанова, Дастан Есентеміров, Айгүл Елшібаева, Қазбек Әдікей, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Гүлмира Сарина бар.

Сондай-ақ концертте «Қорқыт» ансамблі, «Шалқыма» би ансамблі, «Дала Sound» квартеті және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның хоры өнер көрсетеді.

Мәдени жиында заманауи цифрлық технологиялар, заманауи мультимедиалық визуализация мен жасанды интеллект элементтері қолданылады.