29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан

Әлихан Асқар

Өзбекстан 2028 жылға дейін алқаптардың 80%-ына су үнемдеу технологияларын енгізбек

Алдағы 3 жылда ресми Ташкент ауыл шаруашылығы жерлерінің 80 пайызын су үнемдеу технологияларымен қамтуға ниетті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісіне сұхбат берген Халықаралық Аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жобаларын іске асыру агенттігінің басшысы Вадим Соколов мәлім етті.

— Өзбекстанда су үнемдеу технологияларын енгізу жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Осының нәтижесінде біз 5 жыл ішінде 10 млрд текше метрге аз су алатын болдық, яғни, бұл жалпы көлемнің 25 пайызына тең. Өзбекстанда 4,3 млн гектар суармалы жер бар. Бүгінде оның 2,6 млн гектары осы технологиялармен қамтылды. Президент жақында су секторының 2028 жылға дейінгі стратегиясын бекітті. Оған сай, алдағы 3 жылда олардың көлемін 3,5 млн гектарға дейін жеткізу қажет. Осылайша, Өзбекстандағы жалпы суармалы жерлердің 80%-ы үш жылдан кейін су үнемдеу технологияларымен қамтылады, — деді Вадим Соколов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, жыл сайын Орталық Азиядағы су көздері тартылып, басты өзендердің ағысы азайды. Сондықтан барлық мүдделі мемлекеттермен бірлесе әрекет етіп, іс-қимылдарды жүйелеу маңызды.

— Аймақтағы су көлемі көбеймейді, ол жылдан жылға кеміп барады. Осыған байланысты өңір елдері ортақ жоспар қабылдап, бұл бағыттағы іс-қимылдарды үйлестіруі керек. Бір-бірімізге техникалық қолдау көрсетіп, жобаларды өзара ақылдаса отырып іске асыру орынды. Бүгінгі күнде бізде бұдан басқа жол жоқ, — деп тоқталды сарапшы.

Еске салайық, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында биыл да су тапшылығы жалғасатынын айтты.

Сондай-ақ, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысында өткен кеңесте су тапшылығы экономиканың дамуын тежейтінін мәлімдеді.