Ақкөл ауданында «Бүкіл отбасымызбен дауыс берейік!» акциясы өтіп жатыр. Референдумға толық құраммен келген Сәдуақасов пен Бердімұратовтың отбасы белсенділік танытты. Олардың дауыс беру учаскелерінде бірге болуы бірлік пен белсенділіктің айқын дәлелі, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
№99 сайлау учаскесіне «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының облыстық турының жеңімпаздары Сәдуақасовтар отбасы балалары Диас, Әнел және Сұлтанмен бірге келді. Олардың отбасында барлығын бірге жасаудың жақсы дәстүрі бар — олар үй шаруасын да бірігіп жасайды, демалады және бірге саяхаттайды.
Балалар кішкентайынан ел өміріндегі маңызды оқиғаларға араласа білу керек
— дейді Нұрлан мен Татьяна.
Сәдуақасовтар отбасы аудан өміріне және жергілікті бастамаларға белсене араласады. Олардың референдумға қатысуы балаларға азаматтықтың маңыздылығын жеткізудің тағы бір мүмкіндігі.
Дауыс беруде де белсенділік танытқан Бердімұратовтар отбасы өз кәсібіне, қоғамға деген адалдықтарын үлгі етуде. Аудандық аурухананың бас дәрігері, хирург Марат Сабыржанұлы мен күндізгі стационардың терапевті Шырақ Қайрошевна медицина саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Олардың ұлдары Талғат ата-анасының жолын қуып, хирургия бөлімінде екі жылдан бері жұмыс істейді.
Бұл референдумның біздің болашағымыз үшін маңызы зор
— дейді Марат пен Шырақ Бердімұратовтар.
Осылайша, Сәдуақасовтар мен Бердімұратовтар отбасы тағдырлы шешімдерге бірлесіп қатысудың маңыздылығын көрсетті. Бұл туыстық байланысты нығайтып қана қоймай, қоғам мен елдің дамуындағы рөлін сезінетін азаматтардың жаңа ұрпағын тәрбиелейді.