АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беруді ұсынды. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов осыған қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл — аудан әкімдері үшін өзін-өзі басқару жүйесінде мүмкіндік беретін маңызды қадам. Әкімдерге аудан қаражатын жұмсағанда орталық органдардың сан келісімін алудың қажеті жоқ. Оның үстіне, әкім жергілікті мәселелермен жақсы таныс. Мектеп салу керек пе, емхана салу керек пе?.. Ондай шешімдерді қабылдағанда ұзын-сонар келісім жасау тиімсіз. Қаржыны басқаруға келгенде орталықтандырылған жүйеге тәуелді болмайды», — деді Еркін Тұқымов.
Институт басшысының айтуынша, қаржыны басқару құқығын беру аудан әкімдерінің еркін болып, өз бетінше шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді.
«Бір жағынан бұл құрал аудан әкімдерінің халық алдындағы жауапкершілігін арттыра түседі. Бұл — демократиялық практика», — дейді ол.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беруді ұсынған еді.
«Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл — ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті, барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек», — деді Президент.
Жергілікті бюджетті басқару құқығы аудан әкімдерінің жауапкершілігін арттыра түседі — Еркін Тұқымов
| 414 просмотров
Поделиться: